Сонымен, Ақорда баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір бұйрығымен Ерлан Куанышұлы Әбіл Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры қызметінен босатылды.
Ерлан Әбіл 1973 жылдың 18 қыркүйегінде Жезқазғанда дүниеге келген. 1995 жылы Жезқазған тау-металлургия институтын тәмамдады. Экономика ғылымдарының кандидаты, "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісінің иегері.
Еңбек жолын Жезқазған тау-металлургия институтының "Кәсіпорындағы экономика және басқару" кафедрасының ассистенті ретінде бастады. Академияның ректоры болып 2019 жылдың 21 тамызынан бері қызмет етті.
Тағы бір бұйрықпен Азамат Сагатович Жолманов Мемлекеттік басқару академиясының ректоры болып тағайындалды. Сондай-ақ, оның бұрынғы қызметінен босатылғаны хабарланды.

Азамат Жолманов Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін "Халықаралық қатынастар" мамандығы бойынша тәмамдаған, сондай-ақ Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын бітірген. Мемлекеттік басқару саласында 10 жылдан астам еңбек тәжірибесі бар.
2022 жылдың 7 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төраға орынбасары лауазымын атқарды. Бүгіннен бастап бұл қызметті Алибек Ахмедияр атқарады.