Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің ресми хабарламасында айтылған:
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Желдібай Руслан Сұлтанұлы Қазақстан Республикасының Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы болып тағайындалды".
Тағы бір Жарлықпен Руслан Желдібай ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі Президент көмекшілігінен босатылды.
Руслан Желдібай 1989 жылы дүниеге келген.
2010 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған. "Болашақ" халықаралық білім беру бағдарламасының түлегі. 2017 жылы Ұлыбританиядағы Уорик университетінің магистратурасын бітірген.
Еңбек жолын 2011-2012 жылдары "Қазақстан" ұлттық телеарнасында редактор ретінде бастаған.
2012-2018 жылдар аралығында "Алматы" телеарнасында бөлім бастығы, продюсер қызметтерін атқарған.
2018-2019 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде интернет кеңістігі мен әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыстарды басқарған.
2019-2020 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары болған.
2020 жылдың мамырынан 2022 жылдың ақпанына дейін Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің орынбасары қызметін атқарған.
2022 жылдың ақпанынан сәуіріне дейін Премьер-министр кеңсесінің орынбасары болған.
2022 жылдың сәуірінен 2023 жылдың қаңтарына дейін Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы қызметін атқарды.
2023 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы болды.
2023 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстан Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы болған Берік Уәли. Қазір ол Абай облысының әкімі болып қызмет атқаруда. Облыс басшысы лауазымына Болат Абдралиев те үміткер болған.