Құжатты бүгін, 2025 жылдың 17 ақпанында, Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
“Мемлекет басшысының жарлығымен Сақтағанов Нұрымбет Аманұлы Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды”, – делінген Ақордадағы Telegram арнасында жарияланған хабарламада.
Нұрымбет Сақтағанов 1970 жылдың 6 тамызында Түркістан облысында дүниеге келген. 1992 жылы Қызылорда педагогикалық институтын (мұғалім) тәмамдады, сондай-ақ МЭСИ-дің қашықтықтан білім беру институтын (бухгалтер) және Қызылорда экономика, статистика және ақпарат институтын (заңгер) бітірді.
Еңбек жолын 1992-1993 жылдары №172 орта мектепте мұғалім болып бастаған, 1994-1995 жылдары №9 орта мектепте жұмыс істеген. 1995-2007 жылдары Қызылорда облысының Кеден басқармасында, ҚР Мемлекеттік кірістер министрлігінің Кеден комитетінде, ҚР Парламентінде және ҚР Экономика және бюджет жоспары министрлігінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды.
2007 жылдың қыркүйегінен 2010 жылдың қыркүйегіне дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің орынбасары болды, 2010-2012 жылдары ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастырушылық-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2012 жылдың қазанынан 2015 жылдың шілдесіне дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2015 жылдың шілдесінен 2018 жылдың мамырына дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, 2018 жылдың мамырынан 2021 жылдың қаңтарына дейін Ұлан ауданының әкімі, 2021 жылдың қаңтарынан маусымына дейін Семей қаласының әкімі, 2022 жылдың ақпанынан маусымына дейін Жарма ауданының әкімі, 2022 жылдың маусымынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болды.
Жаңа тағайындауға дейін, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.
2023 жылдың 16 маусымынан бастап Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Кошербаев болды. 2025 жылдың 14 ақпанында мемлекет басшысының жарлығымен ол ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалып, бұрынғы қызметінен босатылды.