2025 жылдың 5 ақпанында Мәжілісте ол мемлекет тарапынан тапсырыс берілген объектілерге мердігер тарапынан берілетін кепілдік мерзімі туралы түсінік берді. Жыл сайын мемлекеттік сатып алуға бюджеттен шамамен 13 трлн теңге бөлінеді. Осы қаражатқа 2024 жылы 19 млн шаршы метр тұрғын үй, 397 денсаулық сақтау нысаны, 298 білім беру объектісі, 40 студенттік жатақхана, 12 мың км-ден астам автомобиль жолы салынды, бірақ осы жобалардың кепілдік мерзімдері үлкен сұрақ тудырып отыр.
"Аймақтардан алынған ақпаратты талдау кепілдік мерзімдерінің 2-3 жылдан аспайтынын көрсетіп отыр. Тек кейбір аймақтарда бұл мерзім 5-10 жылға ұзартылған. Мұндай айырмашылықтар мердігердің бөлінген қаражатты жұмсап, сапасыз жұмыстар атқаруына, арзан құрылыс материалдарын пайдалануға алып келеді. Келешекте мемлекетке осы объектілерді қайта құруға қосымша қаражат жұмсауға тура келеді. Біз Ресей, АҚШ, Қытай, Францияда қолданыстағы "он жылдық кепілдік" принципін енгізуіміз қажет", – деді Руслан Берденов.
Сонымен қатар, депутат бюджеттен бөлінген әрбір теңгені оның бөлінуінен толық игерілуіне дейін бақылауға мүмкіндік беретін "боялған ақша" механизмін енгізуді ұсынды. Бұл сыбайлас жемқорлық мүмкіндігін жояды және бюджет қаражатын тиімді пайдаланумен сапалы объектілердің құрылуына ықпал етеді.
Бұған дейін Антикор мемлекеттік сатып алуда ауқымды бұзушылықтарды анықтап, миллиардтаған теңгені бюджетке қайтарғаны туралы хабарланған болатын.