Алматыда ұсталған блогерлер екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz қала полициясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Соттың шешімімен, бопсалаушылыққа күдікті блогерлерге қатысты екі айға қамау түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды", - деп хабарлады полиция департаменті редакцияның ресми сұрауына жауап ретінде.
Еске сала кетейік, Алматыда блогерлердің ұсталғаны туралы ақпарат 23 қаңтарда белгілі болды. Сол уақытта оларды 10 миллион теңге алу кезінде жәбірленушінің арызы бойынша ұстағаны хабарланған еді.
Tengrinews.kz тілшісінің сенімді дереккөздерінен алынған ақпаратқа сәйкес, ұсталған блогерлер Дамир Кушеев және Руслан Каримов болып шықты.
Алматы прокуратурасы қазіргі уақытта полиция департаменті ҚР ҚК 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағына ("Өте ірі мөлшерде бопсалаушылық") сәйкес тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Бұл баптың санкциясы 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасын қарастырады.