Қазақстанның Қылмыстық кодексі заңсыз сыйақы беру үшін жауапкершілікті қарастыратын жаңа баппен толықтырылады. Мұндай өзгеріс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар аясында қарастырылған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін Мәжілісте "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары қаралуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің бірінші орынбасары Улан Сарқұловтың айтуынша, өзгерістер мен толықтырулар "Жедел-іздестіру қызметі туралы" заңға да енгізілуі қарастырылған.
"Заңға енгізілген түзетулер заңсыз сыйақы алудың фактілерін анықтау мақсатында арнайы жедел іс-шараларын жүргізуге мүмкіндік береді, егер бопсалау белгілері болса. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекс жаңа 247-1 бабымен толықтырылады, ол заңсыз сыйақы беру үшін жауапкершілікті қарастырады", – деді Сарқұлов Мәжіліс отырысында.
Антикордың бірінші орынбасарының атап өткеніндей, бұл заңсыз сыйақы берушілер мен алушыларды жауапқа тартуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Қазақстанда сыбайлас жемқорлар үшін қоғамдық реестр пайда болатыны белгілі болды.