Мектептің әжетханасындағы жасөспірімдердің оғаш ойындары қазақстандықтарды шошытты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Талдыкорғандағы мектептердің бірінде түсірілген видео желіге шықты.
Кадрларда жоғары сынып оқушылары бір оқушыны әжетханаға алып кіріп, оған зәбір көрсетіп, бейәдеп сөздер айқайлап жатқанын көруге болады.
"Абай мектебінде не болып жатыр? Неліктен мұндай алаңдаушылық танытқан оқушылар бар? Ата-аналар, балаларынды қорғаңыздар. Видео Тиктоктан алынған. Балалар өздері түсіріп, Тиктокқа жүктеді", - делінген видео сипаттамасында.
Назар аударыңыз! Видео бейнеде дөрекі сөздер бар
Полиция видеоға түсірілген мектептегі оқиғамен байланысты барлық қатысушыларды анықтады.
"Олардың айтуынша, болған жайт ойын ретінде қабылданған. Дегенмен, мұндай жағдайлардың ықтимал салдарын ескере отырып, оларға профилактикалық шаралар өткізілді. Оқушылардың ата-аналары тәрбиелеу міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп хабарлады Жетісу облысының полициясы.
Талдыкорған қалалық білім бөлімі басшысы Шынар Шарипбаева хабарлағандай, Талдыкорған қалалық полиция басқармасы ата-аналарға ҚР Әкімшілік процессуалдық кодексінің 127-бабына сәйкес айыппұл салды.
"Оқиғаға қатысушылар профилактикалық есепке алынды. 9-сынып оқушыларымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, қазіргі уақытта балалардың психологиялық жағдайы тұрақты", - деп мәлімдеді Шарипбаева.
Кейін жасөспірімдердің ата-аналарымен бірге видео шықты. Оқушылар мен олардың ата-аналары зардап шеккен құрдастарына, сондай-ақ барлық қазақстандықтарға өз әрекеттері үшін кешірім сұрады.
Сонымен қатар, Жетісу облысы білім басқармасының өкілдері мен бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен жедел кеңес өткізілді.
"Кеңестің қорытындысында дүйсенбіден бастап сынып жетекшілері, педагог-психолог, тәрбие жұмыстары жөніндегі директордың орынбасарлары қызметінен босатылады. Мектеп директорының атына қатаң сөгіс жарияланады. Бұл жағдай Талдыкорған қалалық білім бөлімі тарапынан бақылауда", - деп сендірді Талдыкорған қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Шарипбаева.
