Абу-Дабидегі жұмыс сапары барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Аль-Рамахимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Masdar арасындағы серіктестіктің сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Ол тараптардың Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жөніндегі ірі жобаны жүзеге асыру үшін қажетті барлық келісімдерге қол қойғанын айтты. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі 1,4 миллиард долларды құрайды.
Мұхаммед Аль-Рамахи президентке компанияның құрылыс жұмыстарының басталуы жөніндегі жоспарлары туралы ақпарат беріп, осы жобада жел турбиналарын өндіру үшін жергілікті компоненттерді пайдалануға қызығушылық танытты. Masdar-дың Қазақстандағы қатысуын одан әрі кеңейту және жаңартылатын энергия көздері мен цифрландыру саласындағы жаңа маңызды жобаларды жүзеге асыру бойынша пікір алмасу өтті.
Кездесуге сондай-ақ Abu Dhabi National Oil Company (ADNOC) компаниясының қайта өңдеу және сатылым бойынша бас атқарушы директоры Халид Салмин қатысты.
Мемлекет басшысы еліміздің ADNOC компаниясымен серіктестік қатынастарды одан әрі дамытуға үлкен мән беретінін атап өтті. Өз тарапынан Халид Салмин екі елдің ұлттық мұнай-газ компаниялары арасындағы өзара іс-қимыл үшін елеулі перспективаларды атап өтті. Сұхбаттастар мұнай-газ секторындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және геологиялық барлау жұмыстарындағы мәселелерді талқылады. Цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.