Қазақстанда қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры құрылатын болады. Бұл жобаны Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірледі, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Құжатта айтылғандай, ұлттық сөздік қор академиялық және аударма сөздіктер, қазақ тілінің ұлттық корпусы, терминологиялық база және әр түрлі форматтағы деректерді қамтитын дата-сет негізінде қалыптасады.
"Жобаның маңызды аспектісі - қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры халыққа қолжетімді мемлекеттік ақпараттық жүйе болып табылатындығы, бұл оны білім беру және ғылыми мақсаттарда, сондай-ақ қазақ тілін өңдеу технологияларын дамыту үшін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді", - делінген құжатта.
Осы ережелерде келесі негізгі түсініктер қолданылады:
- генерация – деректер мен алдын ала орнатылған ережелер негізінде жаңа контент (мәтін, бейне, дыбыс) автоматты түрде жасау процесі;
- жасанды интеллект (ЖИ) модельдері – қазақ тіліндегі деректерді әр түрлі жүйелер, қосымшалар немесе платформаларда өңдеу үшін ЖИ технологиялары мен алгоритмдерін енгізу процесі;
- табиғи тілдерді өңдеу – машиналық оқыту технологиясы, ол компьютерлерге адамның тілін интерпретациялау, манипуляциялау және түсіну мүмкіндігін береді.
Ұлттық сөздік қорын қалыптастыру мақсаттары:
- қазақ тілін мәдени құндылық ретінде сақтау, қорғау және дамыту;
- мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту;
- қазақ тілінің қолдану аясын қамтитын ресурстарды жинақтау;
- тілдің қазіргі лексикалық құрамын тәртіпке келтіру, цифрландыру және генерациялау;
- қазақ тілін жасанды интеллект пен заманауи технологияларға бейімдеу;
- тілдік деректерді өңдеу процестерін автоматтандыру.
Жоба "Ашық НПА" порталында 2025 жылдың 19 наурызына дейін қоғамдық талқылауға орналастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, 23 қаңтарда Сенатта "Мәдениет, білім және тәлімгерлік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға түзетулер қабылданды. Жаңа түзетулерге сәйкес, Қазақстанда қазақ тілінің сөздік қоры ашылады деп хабарланды.
