Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Израильге қару эмбаргосын енгізу, сауданы тоқтату және халықаралық деңгейде оны оқшаулау қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz Anadolu-ға сілтеме жасап.
Агенттіктің жазуынша, мемлекет басшысы бұл мәлімдемені Каирде өткен D-8 ("ислам сегіздігі") саммиті аясында Ливан мен Палестинаға арналған арнайы сессияда айтты.
Түрік лидері ислам мемлекеттерін Израильдің заңсыз әрекеттеріне қарсы шараларды бастауға шақырды.
Палестиналық мәселені реттеу перспективаларына тоқтала отырып, ол D-8 елдерінің ұзақ мерзімді мақсаты екі мемлекет туралы шешімді жүзеге асыру үшін келіссөздер процесін бастау болуы керек екенін атап өтті.
Ердоған Израильдің Сирияның аумақтық тұтастығын елемейтінін, соның ішінде Голан биіктіктерінде заңсыз қоныс орындарын кеңейтуді қамтитынын айтты. Президент ислам әлемінің елдерін "Сирия мен өңірдің тұрақтылығына қауіп төндіретін заңсыз әрекеттерге" тиімді реакция көрсетуге шақырды.
Ол D-8 мүшелері арасынан мүмкіндігінше көп елді Газадағы геноцид жөніндегі істі БҰҰ Халықаралық сотында Оңтүстік Африка Республикасының Израильге қарсы берген шағымына қосылуға шақырудың маңыздылығына назар аударды.
Оның айтуынша, Ливан болса, Израильдің шабуылдарына байланысты физикалық, саяси және әлеуметтік салдарлардан туындаған қосымша қиындықтарға тап болуда.
"7 қазаннан бастап ислам елдері Газадағы геноцидті тоқтатуға және палестиналық мәселені шешудің тұрақты жолдарын табуға тырысып жатыр, әртүрлі платформаларда бастамалар көтеріп келеді. Біз Египеттің осы процестегі күш-жігеріне қанағатпен қараймыз. Алайда Израиль әкімшілігі Америка мен көптеген батыс елдерінің жанама қолдауына сүйене отырып, шабуылдарын жалғастыруда", - деді ол.
Түрік лидері Газада қысқа мерзімді тұрақты атысты тоқтату маңызды екенін атап өтті. Ол Ливандағы атысты тоқтату мен Сириядағы Башар Асад режимінің құлауы "оңтайлы кезеңнің" бастамасы болады деп үміттенетінін білдірді.
Президент D-8 елдеріне өңірде әділ және тұрақты бейбітшілік орнату бойынша күш-жігерді күшейтуге шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың қазанында Түркия Израильге қарсы қару эмбаргосын енгізу туралы "Бірлескен хат" бастамасын жариялады. Анкара барлық елдерді принципті ұстаным қабылдауға және осы ұжымдық бастаманы қолдауға шақырды.
Ең маңызды жаңалықтарды WhatsApp-та алу үшін мына жерді басыңыз