Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров Қытайдың DeepSeek атты жасанды интеллект (ЖИ) моделінің жетістіктеріне орай АҚШ-тың орта білім беру жүйесін түбегейлі реформалауға шақырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz РБК-ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, егер бұл жүзеге аспаса, Қытайдың технологиялар саласындағы үстемдігі сөзсіз болады.
"Қытайлық DeepSeek стартапының жетістігінен кейін көптеген адамдар Қытайдың АҚШ-ты жасанды интеллект саласында қаншалықты жылдам қуып жеткеніне таңғалып отыр. Алайда, Қытайдың алгоритмдік тиімділіктегі жетістігі ешнәрседен туындаған жоқ. Қытайлық оқушылар халықаралық олимпиадаларда математика мен бағдарламалау бойынша басқа елдердің оқушыларынан әлдеқашан озып кеткен", - деп жазды Дуров өзінің телеграм-каналында.
Оның пікірінше, Қытайдағы орта білім беру жүйесі батыстық жүйеден озық: бұл елде оқушылар арасында қатаң бәсекелестік ынталандырылады, бұл кәсіпкердің ойынша, кеңес моделімен алынған.
Сонымен қатар, батыс мектептерінің көпшілігі бәсекелестікті қолдамайды, оқушылардың бағаларын және рейтингтерін жариялауға тыйым салады.
"Себебі белгілі - студенттерді қысымнан немесе мазақтан қорғау. Алайда, мұндай шаралар үздік оқушыларды да демотивирлейді. Жеңіс пен жеңіліс – бір медальдің екі жағы. Жеңілгендерді жойсаңыз, жеңімпаздарды да шығарып тастайсыз", - деп атап өтті ол.
DeepSeek - бұл 2023 жылы Қытайдың High-Flyer хедж-қорын негізін қалаушы Лян Вэньфэннің қолдауымен құрылған аталмыш компанияның үлкен тілдік моделі (Large Language Model, LLM) негізіндегі чат-бот.
DeepSeek чат-боты әртүрлі көлемдегі мәтіндерді және жанрларды генерациялауға, интернетте ақпарат іздеуге, диаграммаларды декодтауға, суреттерді түсіндіруге, код жазуға, оны дұрыс форматтауға және C++, Go, Java, JavaScript, Python, Rust тілдеріндегі күрделі бағдарламалау тапсырмаларын шешуге қабілетті.
2023 жылдың 20 қаңтарында компания DeepSeek-V3 негізінде жасалған алғашқы буын R1-Zero және R1 модельдерін ашық қолжетімділікке шығарды. 27 қаңтарға қарай осы модельдерге негізделген қосымша АҚШ-тың App Store-ында ең көп жүктелетін тегін қосымшалар рейтингінде ChatGPT-ті басып озды.
DeepSeek компаниясы соңғы модельдерінің бірін оқытуға 5,6 миллион доллар жұмсалғанын мәлімдеді, бұл америкалық модельдерді әзірлеуге жұмсалған қаражаттан едәуір аз.
DeepSeek-тің жетістігіне байланысты американдық NVIDIA компаниясының, ЖИ үшін чиптер өндірушісі, акциялары бір күнде 17 пайызға құлдырады. Компания әлемдегі ең қымбат компания атағын Apple мен Microsoft-қа беріп, оны жоғалтты. Оның бас директоры Дженсен Хуанг 21 миллиард доллардан айырылды. Сонымен қатар, Oracle Corp. компаниясының негізін қалаушы Ларри Эллисон, Dell компаниясының негізін қалаушы Майкл Делл, Binance-ның негізін қалаушы Чанпэн Чжао да шығындарға ұшырады.