Қаржы министрлігінде Қазақстанда бала жоқтығы үшін салық енгізу туралы жаңалыққа түсініктеме берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұған дейін Қазақстандық БАҚ-та Мәжіліс депутаты Болат Керімбек бала жоқтығы үшін салық енгізуді ұсынғаны туралы ақпарат пайда болған. Депутат бұл мәліметті жоққа шығарды.
"Біз Талдыкорған тұрғындарымен кездесіп, кеш үйлену мәселесін талқыладық. Бұрын Италияда, Болгарияда мұндай салықтар болғаны айтылды. Бұл өте маңызды мәселе, демографиялық жағдай тұрғысынан қарастыру қажет. Адамдар кеш үйленгенде, балаларды тәрбиелеу, олардың аяққа тұруы мәселелері туындайды. Біз осы тұрғыдан талқыладық, бірақ кейбір БАҚ менің сөздерімді бұрмалап, менің мұндай салық енгізуді ұсынғанымды айтты", - деді Керімбек Tengrinews.kz тілшісіне Мәжіліс кулуарында сәрсенбіде.
Дегенмен, біз Қаржы министрлігіне хабарласып, Қазақстанда бала жоқтығы үшін салық енгізіле ала ма екенін сұрадық. Онда: ұсыныс келіп түссе, мұндай мәселені қарастыруы мүмкін екендіктерін айтты.
"Бала жоқтығы үшін салық енгізу туралы ұсыныс министрлікке ресми түрде түскен жоқ. Дегенмен, егер ұсыныс келіп түссе, заңнамаға сәйкес, құзырет шегінде қарастырылады", - деп жауап берді министрліктен біздің редакцияның ресми сұрауына.
Сонымен қатар, салық заңнамасына енгізілетін өзгерістерді Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асыратынын атап өткен жөн.
Еске сала кетейік: Қазақстанда бала жоқтығы үшін салық енгізу бастамасы 2014 және 2010 жылдары да талқыланған болатын.
