Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін энергетика және коммуналдық секторды модернизациялау мәселесінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) нарықтық негізде қаражат тарту қарастырылуда. Бұл туралы үкіметтегі брифингте премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозумбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kapital.kz бизнес ақпарат орталығының тілшісі.
«Біз БЖЗҚ-дан нарықтық негізде қаражаттың бір бөлігін тартуды жоспарлап отырмыз: компаниялар (қаражат - Ред.) қарызға алатын болады, не бағалы қағаздар арқылы, не кредиттік келісімшарт арқылы. Бірақ олар қарызға алып, кейін белгілі бір уақыттан кейін пайыздық мөлшерлемемен қайтарады. Егер бүгінгі күні (қаражат тарту бойынша - Ред.) пайыздық мөлшерлеме 11-12% болса, мүмкін, одан жоғары немесе 10%-дан асатын болса, біз осы компанияларға бірнеше пайызды субсидиялаймыз. Коммуналдық-энергетикалық сектордың компаниялары – әдетте жоғары өтімді және жоғары сенімді, себебі елімізде коммуналдық қызметтерді тұтынудың төмендеуі жоқ және ол болжанбайды», - деп нақтылады ол.
Қанат Бозумбаевтың айтуынша, коммуналдық-энергетикалық сектордағы компанияларға қаражат тартудағы мәселелердің бірі тарифтік саясат болды.
«Біз тарифтік саясатты сәл өзгертуге дайындалып отырмыз, тарифтен түсетін табыстар негізгі құралдардың қайтарымын және осы 10%-ды жабуы үшін. Яғни, ұлттық жобаның кредиторлары үшін қаражаттың қайтарымы үкіметтің қатаң бақылауындағы Табиғи монополияларды реттеу комитеті жүргізетін ақылға қонымды тарифтік саясатпен қамтамасыз етіледі», - деп қосты Қанат Бозумбаев.
Ол ұлттық жобаның кредиторларына – банктер мен БЖЗҚ-ға ақша қайтарылатынын атап өтті. «Бұл сенімді. Бұл (зейнетақы активтері - Ред.) қандай да бір мемлекеттердің бағалы қағаздарына орналастырудан гөрі жақсы, ең болмағанда ұлттық экономикаға пайда әкелу үшін жұмыс істейміз», - деп түйіндеді ол.
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновтің айтуынша, БЖЗҚ-ның қаражаттарының бір бөлігін ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін пайдалану мәселесі әлі шешілмеген.
«Олар, мүмкін, пайдаланылуы мүмкін, мүмкін, пайдаланылмайды. Бірақ егер пайдаланылса, онда 0-ден 25%-ға дейін, жуықтап айтқанда. Яғни, әр жыл сайын (ұлттық жобаға - Ред.) орташа есеппен 1,5 трлн теңге қажет, оның 0-ден 25%-ы БЖЗҚ-ның тарапынан қаржыландырылуы мүмкін», - деп нақтылады Арман Қасенов.
Оның айтуынша, бұл БЖЗҚ-ның жылдық активтерінің өсуіне қатысты шағын сома.
«Уайымдаудың қажеті жоқ. Инвестициялық бағдарлама зейнетақы қорының активтерінің өсімінен әлдеқайда аз... Коммуналдық сектор ең төменгі тәуекелдерге ие. Дүниежүзілік статистикада 110 саланы классификациялайды, ал коммуналдық сектор тәуекелдер бойынша төменнен екінші орында. Бұл минималды тәуекелдер, себебі тұрақты клиенттік база бар және тарифтер бойынша максималды болжамдылық бар», - деп атап өтті Арман Қасенов.
Оның айтуынша, үкімет БЖЗҚ-ның қаражаттары максималды қауіпсіз активтер мен салаларға инвестициялануын қалайды.
«БЖЗҚ-ның қаражаттары еш жағдайда табиғи монополиялар субъектілеріне тікелей түспейді...», - деп түйіндеді ол.