Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов және Қырғыз Республикасының Президенті әкімшілігінің жетекшісі – Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев, алғашқы ресми шетелдік сапармен келген, Астанада тар және кең құрамда келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз қызметі.
Тараптар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров арасында қол жеткізілген келісімдердің іске асырылу барысын қарастырды. Сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік, су-энергетикалық, туристік, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және АӨК саласына қатысты кең ауқымды мәселелер қамтылды.
«Біздің мемлекеттердің басшылары арасындағы сенімді қатынастар өзара құрмет және шынайы достық рухында көпжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. Сауда байланыстарын нығайту мен тереңдету екі елдің экономикаларын дамытуға мультипликативті әсер береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көрсеткіштерінің қайтадан өскенін атап өткен жөн, ол 1,7 миллиард долларды құрады. Сонымен қатар, сауда-экономикалық өзара әрекеттестікті одан әрі арттыру үшін елеулі әлеует бар», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
«Екі көрші мемлекет арасындағы екіжақты ынтымақтастық ерекше стратегиялық маңызға ие. Ерте замандардан бері біздің көрші халықтарымыз ғасырлар бойы достық, көршілік және бауырластық қатынастармен, ортақ мәдениет, тіл және тіпті дәстүрлермен біріктірілген. Меніңше, бұл кездесу екі тарапқа қызығушылық тудыратын көптеген мәселелер бойынша пікір алмасуға және екі елдің мүдделеріне жауап беретін жаңа ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді», — деді Адылбек Касымалиев.
Келіссөздер барысында бар әлеуетті ашу және тауар айналымын арттыру механизмдері талқыланды.
Транзиттік-көліктік салада Қазақстан мен Қырғызстан шекарасының өткізу қабілетін арттыру мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Шекарада «Ақсу» – «Камышановка» және «Бесагаш» – «Кичи-Капка» автомобиль өткізу пункттерін модернизациялау және кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Сортобе» – «Токмок» және «Аухатты» – «Кен-Булун» өткізу пункттерін дамыту жоспарлануда.
Су-энергетикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Шу және Талас өзендері бойынша вегетациялық кезеңде су беру мәселелері, Киров су қоймасының қауіпсіз эксплутациясы және өңірлік энергетикалық қауіпсіздік талқыланды. Өзара тиімді ынтымақтастықтың маңызды бағыты – туризм.
Жаңа туристік бағыттарды дамыту, трансшекаралық экомаршруттарды құру, белсенді туризм үшін инфрақұрылымды дамыту және қонақжай бизнесіне инвестиция тарту шаралары талқыланды.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық аясында биыл Қырғызстанда Қазақстан киносының күндері жоспарланған, сондай-ақ Қазақстан жоғары оқу орындарының филиалдарын Қырғызстан аумағында ашу мәселелері қарастырылуда.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Республикасы Үкіметі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық серіктестіктің жоғары динамикасын қолдауға дайын екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Қырғызстанға 203 миллион доллардан астам сомада 175 позиция бойынша өнім экспортын арттыруға дайын екенін хабарлаған болатын. Олардың ішінде мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі, металлургия, машина жасау, фармацевтика, құрылыс материалдары және басқа да өнімдер бар.