Бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің бастығы Руслан Искаковқа 2022 жылғы қаңтар оқиғалары бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сот Искаковты 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру және мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқықтарынан өмір бойы айыруға үкім шығарды. Сот оны билікті асыра пайдалану және ұйымдасқан қылмыстық топ құруда кінәлі деп таныды.
Руслан Искаковқа "билікті асыра пайдалану", "заңсыз бостандығынан айыру" және "қылмыстық топ құру және оған жетекшілік ету" бойынша айып тағылды.
2023 жылдың қыркүйек айында Руслан Искаков сотта даулы мәлімдеме жасады. Сотталушының айтуынша, қаңтар оқиғалары кезінде ол сол уақытта ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасары болып қызмет еткен Самат Әбіштің бұйрықтарын орындаған.