И.С. Бахтың скрипка үшін жазылған сонаталары мен партиталары барокко дәуірінің композиторлық өнерінің шыңы болып саналады. XVIII ғасырдың басында жазылған бұл туындылар, эмоциялық тереңдігі мен техникалық қиындығымен бүгінгі күні де таң қалдырады. Бұл шығармалардағы әр аккорд, әр пассаж композитордың өмір, сенім және адамзаттың мақсаты туралы философиялық ойларын қамтиды.
И.С. Бахтың 340 жылдық мерейтойы – оның шығармашылығына жақындаудың, сондай-ақ өзінің маңыздылығын жоғалтпайтын таза, шабыттандыратын музыкамен қайтадан танысудың тамаша мүмкіндігі.
Жоба республикада танымал скрипкашылардың шығармашылық күштерін біріктіреді, олардың қатарында Анель Шакирова, Акмарал Жангазина, Мадина Капеу, Еркебулан Сапарбаев, Асель Жакиянова бар. Музыканттар жобаның авторы және идеялық шабыттандырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Багдат Абильхановтың жетекшілігімен өнер көрсетеді. Айта кетейік, жақында Багдат Абильханов «Grand Art Express – China» халықаралық орындаушылық өнері конкурсында «Инструментальное искусство. Скрипка» номинациясы бойынша бірінші дәрежелі лауреат атанды.
Циклдің әр келесі концерті дәстүр бойынша нағыз музыкалық оқиға болып, шығармалардың пайда болу контексті туралы көбірек білу мүмкіндігін береді. Концерт барысында «Астана Опера» музыковедтері көрермендерге композиторлардың шығармашылық идеясын жақсырақ түсінуге көмектеседі, әртістердің өнер көрсетуін сүйемелдейтін танымдық шағын дәрістер ұсынады.
Еске сала кетейік, «Музыкалық альянс» циклі өткен 2024 жылы дүниеге келді, ол отандық және шетелдік музыканттармен кездесудің қуанышымен бөліседі. Оның негізгі мақсаты – ұлттық және әлемдік классиканы насихаттау.
Концерттің басталуы 19:00-де.