30 жылдан астам мансабында Доната Д’Аннунцио Ломбарди әлемнің ең үздік сахналарында, оның ішінде Ла Скала, Елисей алаңы театры, Мичиган опера театры және тағы басқа көптеген жерлерде өнер көрсетті. Оның теңдессіз вокалдық шеберлігі, экспрессивтілігі және үлкен педагогикалық дағдылары көптеген жас таланттардың ұстазы болып, бүгінгі күні ең ірі опера сахналарында өнер көрсетуіне себепкер болды.
Айта кетейік, опера әншісі 2015 жылы «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетіп, Джакомо Пуччинидің «Богема» операсындағы Мими партиясын керемет орындаған. Енді Доната Д’Аннунцио Ломбарди Қазақстан үшін тамаша педагог ретінде де ашылады.
Академия тыңдаушылары әлемдік опера классикасының шедеврлерін терең зерттеу мүмкіндігіне ие болады. Коуч орындау техникасы мен артистизм аспектілеріне ерекше көңіл бөледі, бұл олардың кәсіби дамуына құнды үлес қосады.
Мастер-класқа қатысушылар опера сахнасының жұлдызынан білім алу мүмкіндігіне қуанышты екенін білдірді.
- Бұл аңыздан тәжірибе алудың керемет мүмкіндігі. Біз үшін бұл, ең алдымен, Доната ең жоғары деңгейде ұсынатын Дж. Пуччини операларын орындау ұлы мектебіне жақындау мүмкіндігі, - деп атап өтті академистер сабақтар арасында.
Халықаралық Astana Opera опера академиясы жоғары деңгейдегі вокалистерді даярлау мақсатында құрылған және мастер-класстар үшін танымал мамандарды шақыру дәстүрін жалғастыруда. Оларды алда бай бағдарлама, «Астана Опера» концерттері мен спектакльдеріне қатысу күтуде.