Петропавловск маңында санаторлық-курорттық орталық салынады, ал қалада жаңа қонақүй ашу жоспарлануда. Салынатын нысандарды Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Гауез Нурмухамбетов тексерді, деп хабарлайды Kapital.kz бизнес ақпарат орталығының тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл бойы жұмыс істейтін санаторлық-курорттық орталық тұрғындар мен туристер үшін «Волна» балалар лагерінің бұрынғы орнына салынады. Нысанның құрылысын үш жыл бойы жүргізеді. Жобаның инвестициялық көлемі 2,5 миллиард теңгені құрайды. Орталық 150 бөлмеге арналған, сыйымдылығы 500 адам. Ашылғаннан кейін 150 қазақстандық жұмыспен қамтылатын болады.
«Жобаның жүзеге асырылуы өңірдегі медициналық туризмнің дамуына оң әсер етеді», - деп санайды әкімдіктегілер.
Петропавловск қаласында «Самовар» атты жаңа қонақүй ашылады. Құрылысына 1 миллиард теңге жұмсалды. Жобаны жүзеге асыруда кәсіпкерлерге «Даму» қоры қолдау көрсетті. Қонақүйде 34 бөлме болады, 15 жұмыс орны ашылады.
Қазіргі уақытта Петропавловскте 800 келушіге арналған 26 қонақүй жұмыс істейді.
Әкімдіктегілер Имантау-Шалқар курорттық аймағында инвесторлар 16 жобаны жүзеге асырып жатқанын атап өтті, олар жыл бойы жұмыс істейтін экологиялық қонақүйлер мен глэмпингтер салуға арналған.
«Мұндай жобалар инфрақұрылымды және туристік қызметтердің сапасын жақсартуға, халықты жұмыспен қамтуға, жаңа инвесторларды тартуға және біздің өңір үшін қосымша табыс көздерін жасауға ықпал етеді», - деп есептейді әкімдіктегілер.