Венгриялық компания Soil Solution Қазақстанда су үнемдейтін препарат өндіретін зауыт ашу мәселесін қарастыруда, деп хабарлайды Kapital.kz бизнес ақпарат орталығы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстанда венгриялық су үнемдеу препаратының алғашқы сынақ кезеңі аяқталды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен 4 ғылыми-зерттеу институты сынақтарға қатысты. Бұлар: Тараздағы «Қазақ ғылыми-зерттеу су шаруашылығы институты», Қызылордадағы «И. Жахаев атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу күріш институты», «Ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» және «Аграрлық инновациялар институты». Сынақ барысында препараттың түрлі топтар мен климаттық жағдайларда топырақтың ылғалдылығына әсері, сондай-ақ аз көлемде су пайдалану жағдайында өнімділіктің артуы зерттелді», - деп хабарлайды Минирригация.
Ғалымдардың айтуынша, препарат күріш егістіктерінде суды 37%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Себебі дәстүрлі әдіспен күріш 90 күн бойы суарылады, ал препаратты пайдалану кезінде ылғалды сақтау үшін суару 51 күн жеткілікті. Қант қызылшасын суаруда 23,9% су үнемделсе, жүгеріде – 28,7%-ға дейін. Сондай-ақ, сарапшылар өнімділіктің артуын атап өтуде.
«Сынақтардың алғашқы кезеңі жақсы нәтижелер көрсетті. Ендігі кезекте препараттың тиімділігін ірі егістіктерде тексеру қажет. Ол үшін ауылшаруашылық өндірушілерімен кездесіп, тест нәтижелерін көрсету, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Әр жыл сайын суаруға қажетті суға сұраныс артып келеді, және біздің шаруа қожалықтары заманауи су үнемдеу әдістеріне көшуге мүдделі», – деді министр Нуржан Нуржигитов.
Венгриялық Soil Solution компаниясының өкілдері, егер ауылшаруашылық өндірушілер тарапынан үлкен сұраныс болса, Қазақстанда препарат өндіретін зауыт ашуға ниетті екендерін айтты.
«Бүгінгі таңда біз Қазақстанда өнімімізді өндіретін зауыт ашу мүмкіндігін де қарастырудамыз. Бұл жол шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Яғни, ауылшаруашылық өндірушілері үшін препарат бірнеше есе арзан болады. Сондай-ақ, Қазақстанда өндірілген өнімді шетелге экспорттауға болады», – деді Soil Solution компаниясының өкілі Даниел Репасси .