Энергетика министрлігі Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу үшін қажетті үкіметаралық келісімдер мен келісімшарттарды 2025 жылдың күзінде жасауға ниет білдірді. Бұл туралы министр Алмасадам Саткалиевтің 2024 жылдың қорытындылары мен 2025 жылға арналған міндеттер туралы МЭ кеңейтілген коллегиясында жасаған баяндамасында айтылған, деп хабарлайды Kapital.kz бизнес ақпарат орталығының тілшісі.
Айта кетейік, 2024 жылдың желтоқсанында үкімет АЭС-тің құрылыс орны ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданын бекітті.
«Өткен жылы АЭС салу үшін консорциумды таңдау мақсатында ядролық технологиялардың әлеуетті жеткізушілерімен ашық бәсекелестік диалог рәсімі аясында келіссөздер жүргізілді. 2025 жылға арналған жоспар: 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін жеткізушіні немесе консорциумды таңдау; 2025 жылдың қараша айында үкіметаралық келісім және тиісінше келісімшарттар жасау», - делінген баяндамада.
2025 жылы атом өнеркәсібін 2050 жылға дейін дамыту стратегиясын әзірлеу жоспарлануда, ол тек келесі атом станцияларын салу жоспарларын ғана емес, сонымен қатар ядролық-энергетикалық бағдарламаны тиімді іске асыру және ядролық кластерді дамыту үшін қажетті атом өнеркәсібінің басқа бағыттарын дамытуға да қатысты болады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша уран өндірісінің көлемі 23,27 мың тоннаны, уран өнімінің сатылымы 308 тоннаны, дайын ядролық отын экспорты 380 ТВС-ті құрады.
2024 жылдың 6 қазанында Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум өтті. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, оған референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың 63,66% қатысты. Қазақстанда атом станциясын салуды қолдаған азаматтардың саны 5 млн 561 мың 937 адам немесе 71,12% құрады.
2025 жылдың қаңтарының соңында АЭС салу үшін технологиялардың әлеуетті жеткізушілерінің қысқа тізіміне Ресейдің «Росатом» компаниясы, Оңтүстік Кореяның KHNP компаниясы, Қытайдың CNNC және Францияның EDF компаниясы кіргені белгілі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салуды Владимир Путинмен екіжақты келіссөздер барысында талқылағанын айтты. Сонымен қатар, Қазақстанда екінші және үшінші АЭС салу үшін әлеуетті орындарды талдау аяқталуда, олардың жоспары 2025 жылдың екінші тоқсанында дайындалады. Мысалы, Курчатов перспективалық алаң ретінде қарастырылады.
Қазақстандағы АЭС құрылысын қаржыландыру бюджеті 10-12 миллиард долларды құрауы мүмкін. Алғашқы атом станциясын 2035 жылға дейін салу жоспарлануда. Қаржыландыру шетелдік инвестицияларды тарту арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Жеткізушілер экспорттық кредит пен халықаралық қаржы институттарының қаржыландыруын тарту сияқты әр түрлі қаржыландыру нұсқаларын ұсынады.
Қазақстанда атом өнеркәсібінің ұзақ мерзімді даму жоспарлары да әзірленетін болады.