Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда инфрақұрылымдық дамудың жаңа деңгейіне көшу қажет деп есептейді. Бұл жөнінде мемлекет басшысы кеңейтілген үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Kapital.kz бизнес ақпарат орталығының тілшісі.
«Біз қоғамда ресурстарға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы туралы бірнеше жылдан бері айтып келеміз. Бірақ азаматтарға үндеу жасаудан бөлек, әлеуметтік тұтыну нормаларын енгізуге көшу керек. Позитивті мысалдар бар. Тек су тұтыну саласында бұл тәсіл айына шамамен 8% су үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл өте маңызды, себебі су ресурстарының тапшылығы тек Қазақстанда емес, Орталық Азияда да күшейіп отыр. Сондықтан су үнемдейтін технологияларды қолдану мәселесі өткір тұр. Көршілес Қытай әлемдік деңгейдегі осындай технологияларға ие, ынтымақтастық ұсынады, бірақ біздің тарапымыздан ешкім бастамашылық танытып, шешушілік көрсетпейді. Үкімет бұл мәселені тереңінен қолға алып, 1 маусымға дейін нәтижелері туралы есеп беруі тиіс», - деді президент.
Оның айтуынша, үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерінің арқасында энергетика және коммуналдық сектордағы өткір дағдарыс жеңілді. Дегенмен, үкіметтің алдында мұндай жағдайлардың алдын алу міндеті тұр.
«Жылу электр станцияларындағы апаттар елдің имиджіне нұқсан келтіреді, оның репутациясын бұзады және мемлекеттік қызметкерлердің жауапсыздығы мен кәсібилігінің жоқтығын көрсетеді. Акиматтарда басқарушы қызметтерде коммуналдық шаруашылықпен айналысатындар профильді мамандар емес, заңгерлер мен басқа гуманитарлық мамандық иелері», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмыс стандарттарын «шұғыл түрде жаңартуға» қажеттігін атап өтті.
«Үкімет жаңа тарифтік саясатты жүзеге асыруды жалғастыруы керек. Тарифтер нарықтық жағдайларға сәйкес болуы тиіс – әйтпесе электр энергиясы, жылу және судың тұрақты берілуі мүмкін болмайды. ТМД елдерінің көпшілігінде электр энергиясы, газ және мұнай өнімдерінің тарифтері мен бағалары Қазақстаннан жоғары, бұл біздің экономикамызда дисбалансқа және бұрмалауға алып келеді. Бұл шындық, және біз оны жасыруымыз керек емес», - деді президент.
Барлық адамдар көріп отыр, көрші елдерге контрабандалық жолмен отын шығарылып жатқаны, бұл, өз кезегінде, қылмыс үшін қолайлы жағдай туғызады, - деп түйіндеді ол.