Халықаралық рейтинг агенттігі Standard&Poor’s Қазақстанның мемлекеттік кредит рейтингін «BBB-/A-3» деңгейінде растады, болжамы «Тұрақты». Бұл туралы ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Елдің рейтингін қолдайтын негізгі факторлар – сыртқы және фискалдық теңгерімдердің күшті болуы, бұл мүмкін сыртқы тәуекелдер үшін жеткілікті резервтерді қамтамасыз етеді. Агенттік аналитиктері елдің өтімді сыртқы активтері сыртқы қарыздан едәуір жоғары болады деп болжайды.
S&P жоспарланған мұнай өндірудің өсуі мен Теңіз мұнай кен орнындағы қуаттарды кеңейтудің экономикалық өсімге оң әсер ететінін атап өтті.
Жарияланымда Қазақстанның орта мерзімді фискалдық траекториясы фискалдық ережелердің сақталуына байланысты болатыны айтылған. Салық базасын кеңейту және ҚР Ұлттық қорынан қосымша трансферттерге шектеулер енгізу бюджет тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Сонымен қатар, S&P Қазақстанның банк секторының геосаяси және макроэкономикалық тәуекелдерге тұрақтылығын атап өтті. Аналитиктердің пікірінше, екінші деңгейдегі банктерде жеткілікті капитал қоры мен тұрақты өтімділік бар.
Бұған дейін S&P Global Ratings Орталық Азия және Кавказ елдерінің банк секторы бойынша 2025 жылға арналған «Болжам: оң динамика сақталуда» аналитикалық шолуын жариялады. Онда Қазақстан банктерінің таза пайда және капитал рентабельдігі көрсеткіштерінің жоғары деңгейде қалатыны айтылған, алайда рентабельділіктің ең жоғары деңгейі «мүмкін, қазірдің өзінде өткен».