Алматыда мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңға байланысты дөңгелек үстел өтті. Кәсіпкерлермен кездесуге қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл, мемлекеттік органдардың өкілдері, Кәсіпкерлер палатасы, қала мәслихатының депутаттары қатысты. Олар 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның негізгі мәселелерін талқылады.
Дәурен Кеңбейіл жеңімпаздарды енді 10 жұмыс күні ішінде анықталатынын, ал рейтингтік-балдық жүйе бойынша конкурстарда тек 5 жұмыс күні ішінде шешілетінін атап өтті. Сонымен қатар, жергілікті жеткізушілер үшін шартты жеңілдіктер 1%-дан 2%-ға дейін арттырылды.
Вице-министрдің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар объектілер бойынша келісім-шарттар жасалды, жеңімпаздардың басым бөлігі – жергілікті компаниялар. Биылғы жылдың бір жарым айында 1,3 трлн теңгеден астам сомаға 330 мың келісім-шарт жасалды, ал былтыр дәл осы кезеңде 339 млрд теңгеге келісім-шарттар жасалған.

Жаңа заң бизнес климатын жақсартуға, сатып алынатын тауарлардың сапасын арттыруға және отандық өндірушілерді қолдауға әсер етуі тиіс.
Кездесуді қорытындылаған қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл: «Біздің министрлік бизнес тарапынан, сондай-ақ мемлекеттік органдардан ұсыныстарға әрқашан ашық және мемлекеттік сатып алулардың барынша ашық жүйесін құруға ұмтылады» - деп атап өтті.