Қазақстан Теңіздегі үлесін мүмкіндігінше арттыру жөнінде келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін брифингте энергетика министрі Алмасадам Саткалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Kapital.kz бизнес ақпарат орталығының тілшісі.
«Халықаралық келісімдер мен халықаралық құқық аясында консорциум мүшелерімен консультациялар жүргізу туралы тапсырма берілді. Біз үшін Теңізшевройл, яғни Теңіз кен орны, ең өзекті болып табылады, оның серіктестері Chevron, ExxonMobil, Лукойл. Біз олармен алдын ала консультациялар жүргізуді жоспарлап отырмыз, ал келіссөздер жүргізуге дайындық кезінде келіссөздерді бастаймыз. Алдын ала үкімет өз талаптарының тізімін, күн тәртібін жасайды. Мүмкін талаптардың бірі – осы жобалардағы Қазақстан үлесін арттыру», - деп нақтылады ол.
Министр жақын бір-екі жылда Қазақстан тарапынан тиісті келіссөздерге ресми түрде кірісу қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, ол Қашаған бойынша сот процесінің жағдайына қатысты пікір білдірді.
«Мұнда мемлекеттің мүддесін біздің уәкілетті органымыз PSA компаниясы қорғайды, ол барлық тиісті келіссөздер мен арбитраждық процестерді жүргізуге уәкілетті. Өздерінің есептеулерін жасаған консультанттар жұмыс істейді, яғни Қазақстан Республикасының талаптары біздің уәкілетті органымыздың тиісті сараптамалық ұйымдарымен жасалған есептеулер. Сомаларды комментірлеу мүмкін емес. Бұл халықаралық арбитраж, халықаралық құқық аясында өтеді, және осы процесс бойынша барлық нәрсе тиісті органның құзыретіне жатады», - деп атап өтті Алмасадам Саткалиев.
Еске сала кетейік, 28 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген үкімет отырысында энергетика министрі үкіметтің өндірістік келісімшарттардың (ӨК) жағдайын зерттейтін комиссия құрғанын хабарлады.
«ӨК-ні ұзарту үшін мүмкін болатын нұсқалардың бірі: келісім-шарттардың шарттарын жақсарту, Қазақстан үлесін арттыру, кейбір операторларды ауыстыру. Соңғы шешім ашық, тікелей бәсекелестік диалог негізінде, халықаралық құқық аясында, осы консорциумдардың қатысушыларымен, акционерлермен қабылданады», - деді ол.
Энергетика министрі ӨК шарттарына сәйкес Қазақстан билігінің келіссөздер басталуға дейін кемінде 2-3 жыл уақыты бар екенін атап өтті.
«Тапсырма үкіметке берілді. Өз тарапынан ол тиісті комиссия құрды, ол қолданыстағы ӨК жағдайын және ӨК ұзарту шарттарына қатысты тәсілдерді зерттейтін болады. Сонымен қатар, консорциум мүшелері бірнеше рет үкіметтің тиісті келісімдерді ұзарту жоспарлап отырғанын немесе жоспарламайтынына қатысты анықтық енгізу қажеттігін көтерді. Бұл инвестициялар, кейінгі капитал салымдарын жоспарлауға қатысты. Біз объектілердің тиімді деңгейде пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүдделіміз», - деп атап көрсетті Алмасадам Саткалиев.