Премьер-министр Олжас Бектенов Қытай делегациясымен, Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd. компаниялар тобының басқарма төрағасының орынбасары Ма Хуньханмен кездесу өткізді. Аграрлық өнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ көмір химиясы, машина жасау салаларындағы өзара әрекеттесу перспективалары талқыланды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Dalian Hesheng Holdings көп салалы компаниясы бидайды өңдеу және ферментациялау саласында технологиялық патентке ие, заманауи цифрлық технологияларды қолданады. Бидайды терең өңдеу бойынша вертикальды интеграцияланған өнеркәсіптік парк салу жөніндегі жаңа инвестициялық жобаны Ақмола облысында жүзеге асыру жоспарлануда. Алғашқы кезеңдегі инвестициялардың көлемі 500-800 млн долларды құрайды, жобаның екінші және үшінші кезеңдері тағы 1 млрд доллар деп бағалануда. Бірінші кезеңдегі өңдеу қуаты жылына 1 млн тонна бидайды құрайды, ал болашақта жылына 3 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар. Шамамен 2 мың жұмыс орны құрылатын болады.
Жоба аясында көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциясы мен көмір химиясы кешенін салу да көзделген. Көмірді өңдеу нәтижесінде жылына 150-400 мың тонна сұйық аммиак алу күтілуде.
Жалпы, жаңа агро жобаны іске асыру мультипликативтік әсер етеді, ауыл шаруашылығын модернизациялауға ықпал етеді, сондай-ақ логистика мен сауда сияқты байланысты салалардың дамуына серпін береді.
Премьер-министр бидайды өңдеуді белсенді түрде арттырудың маңыздылығын атап өтті, соның ішінде астық өнімділігінің рекордтық көрсеткіштеріне шығуды ескере отырып.
«Қазақстан аграрлық секторда дамыған ел. Біз жоғары қосылған құнға ие өнімдерді шығаруды арттыруға ұмтыламыз. Бұл бағыт еліміздің басымдықтарының бірі болып табылады. Үкімет өндірістерді локализациялау мен озық технологияларды трансферттеуге бағытталған», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Dalian Hesheng компаниялар тобының басқарма төрағасының орынбасары Ма Хуньхан, өз кезегінде, Қазақстанда ынтымақтастық пен өндірісті дамыту перспективаларын жоғары бағалады. Іскерлік климаттың қолайлы екендігі және бизнесті жүргізуге арналған жағдайлардың жасалғаны атап өтілді. Ма Хуньхан зауыттың құрылысын 2025 жылдың екінші тоқсанында бастау жоспарланғанын хабарлады.
Кездесу барысында Dalian Hesheng Holdings Group-тың аграрлық бағыт бойынша басқарма төрағасы Юй Юфэй, бидайды биоферментациялау бойынша бірегей технологияны әзірлеуші, саладағы озық шешімдердің авторы Шу Сонгпо сөз сөйледі.
Кездесу қорытындысы бойынша үкімет басшысы инвестициялық келісімшартты Қытай серіктестерімен жасау жөнінде қажетті жұмыстарды тез арада жүргізуді тапсырды.