Қазақстанда 1100-ден астам әлеуметтік нысан азық-түлікті арттырылған бағамен сатып алған, деп хабарлайды Kapital.kz бизнес ақпарат орталығы Агенттіктің қаржылық мониторинг бойынша баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекеттiк мекемелердің 1100-ден астамы, соның ішінде мектептер, балабақшалар, ауруханалар, балалар үйлері және басқа әлеуметтік нысандар, азық-түлікті арттырылған бағамен сатып алған. 2024 жылы қаржылық мониторинг агенттігі азық-түлік тауарларына қатысты 817 бағаның көтерілген фактісін анықтады, олардың материалдары аймақтық комиссияларға жіберілді», - делінген АФМ хабарламасында.
Тексерулер нәтижесінде 685 ұйымның мемлекеттік сатып алу шарттары қайта қаралды, бұл 370 миллион теңгеден астам үнемдеуге мүмкіндік берді. Агенттік «спекулятивті» схемаларды анықтауға және мемлекеттік мекемелердің азық-түлікті сатып алуын мониторингтеуге бағытталған жобаны жүзеге асыруда. Жұмыс кәсіпорындардың қызметіне араласпай, IT-құралдарды пайдалану арқылы жүргізілуде. Жұмыс нәтижесінде 69 өнімсіз делдалдар алынып тасталды, 600 әкімшілік хаттама жасалды, 11 миллион теңге көлемінде айыппұл төленді.
«Мәселен, Ақтөбе облысындағы 80 балабақшада АФМ Департаментінің қабылдаған шаралары нәтижесінде гречка, картоп, сәбіз, қант, жұмыртқа және тұздың бағасы төмендеді. Мысалы, кәсіпкер балабақшаға гречканы 500%-дан астам үстемемен жеткізген. Қостанайда 117 әлеуметтік мекеме гречка, қант, пияз, картоп және жұмыртқаны 180%-ға дейінгі үстемемен сатып алған. АФМ-ның жергілікті Департаментінің араласуынан кейін, өңірдегі барлық мемлекеттік мекемелерде қосымша келісімдер жасалды, нәтижесінде шамамен 60 миллион теңге үнемделді. Астана мен Қарағанды облысында 175 балабақшада осындай жұмыс жүргізілді, онда 100 миллион теңгеден астам үнемделді», - делінген ақпаратта.
Агенттікте негізсіз бағаның өсуін болдырмау бойынша кешенді шаралар қабылданып жатқаны атап өтілді: мемлекеттік мекемелердің өндірушілер мен ірі көтерме сатушылардан тікелей азық-түлік сатып алуы; сауда үстемесін асыра пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту, заңсыз алынған табысқа пропорционалды айыппұлдар қолдану.